Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

 

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік универсиеті

 

Қазақ әдебиеті кафедрасы

 

Нұрпейісов Н., Оразалиев С.,  Дуанаева С.

Қазақ әдебиетінің тарихы пәнінен курстық жұмысты жазу, орындау жөніндегі

әдістемелік нұсқау

050117 – қазақ тілі мен әдебиеті,  050205 – филология: қазақ тілі мамандықтарының студенттері үшін

(күндізгі және сыртқы бөлім студенттеріне арналған)

 

 

ШЫМКЕНТ 2009

ӘОЖ 894.342

КБЖ 74.261.8

 

 Нұрпейісов Н., Оразалиев С., Дуанаева С.

Қазақ әдебиетінің тарихы пәнінен курстық жұмысты жазу,   орындау жөніндегі  әдістемелік нұсқау.  050117 – қазақ тілі мен әдебиеті, 050205 – филология: қазақ тілі мамандықтарының студенттері үшін (күндізгі және сыртқы бөлім студенттеріне арналған).

–  Шымкент: М. Әуезов атындағы ОҚМУ, 2009. 26 б.

 

Әдістемелік нұсқау  мамандықтың  ҚР МББС  сәйкес дайындалған. Әдістемелік нұсқауда курстық жұмысты орындауға қойылатын барлық талаптар  мен  мағлұматтар  қамтылған. Оқу әдістемелік құрал студенттерге, магистранттарға, курстық жұмыс жетекшілеріне арналған.

 

 Редактор: ф.ғ.к., доцент   Қ.Оразбаев

 Рецензенттер ф.ғ.к., доцент Т. Қалдыбаев

                         ф.ғ.к., доцент  А. Мамыт

 

        Әдістемелік нұсқау   қазақ әдебиеті кафедрасының мәжілісінде талқыланды және басуға ұсынылды.

(«___ »    «____ »   2009 жыл.  Хаттама № ___)

                     Әдістемелік нұсқау  Филология институтының әдістемелік комиссиясында мақұлданды «___» «___» 2009 жыл.Хаттама№ ___

 

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің Әдістемелік кеңесінің шешімімен шығаруға рұқсат етілді. (хаттама № ___хаттама,  «___»    «____»   2009 жыл.

    

 

© М.Әуезов атындағы Оңтүстік     Қазақстан мемлекеттік университеті, 2009.


Мазмұны

 

 Кіріспе.....................................................................................................

1. Курстық жұмысты ұйымдастырудың жалпы ережелері.................

2.  Курстық жұмыстың құрылымы.......................................................

3.  Курстық жұмысты безендіру...........................................................

4.  Курстық жұмысты қорғау және басқаруды ұйымдастыру............

Қосымша А. Курстық жұмыстың титулдық бетінің формасы...........

Қосымша Б. Курстық жұмысқа тапсырма берудің формасы.............

Қосымша В. Курстық жұмысқа аннотация беру формасы...............

Қосымша Г. Курстық жұмысты қорғаудың хаттама формасы...........

 

Кіріспе

 

Курстық  жұмыс - студенттің  жеке  өзінің  шығармашылық  еңбегі. Бұл  уақытқа  дейін  бақылау, жаттығу  жұмыстары, реферат  сынды  әр  алуан  үлгідегі  шағын  жазбаша  жұмыстарын  жазып   жүрген  студенттің  ірі  көлемдегі, жоспары  құрылған , мол  әдебиеттерді  пайдалана  отырып  жазған  жұмысының  маңызы  зор. Бұл  орындалатын  курстық  жұмыс  болашақ  диплом  жұмысын  орындау   алдындағы  алғашқы  баспалдақ  десе де  болғандай. Көп  жағдайда  курстық  жұмысты одан  әрі  кеңейтіп, толықтыра  түсіп, дамыта  білген  бітіруші  диплом  жұмысын  сәтті, жан-жақты  жазып  шығатынын  талай  рет  тәжірибеден    аңғарып  жүрміз, сол  себепті  кез-келген  студент  өз  жұмысына  асқан  жауапкершілікпен  келгені  абзал. Сонымен  қатар  курстық  жұмыс  орындау  барысында  жасалған  түйіндерін, қорытындыларын, өзіндік  ойларын  студенттердің  дәстүрлі  конференцияларында, кафедраның  ғылыми  мәжілістерінде, баспасөз  беттерінде  жариялап  отыруына  болады, себебі  кез-келген  курстық  жұмыста  аз-кем  болса да  ғылыми  түйін, өзіндік  пікір, көзқарас  болатыны  ақиқат  жайт, оның  бәрін  дәлелдеу, түйіндей  білу - үлкен  өнер, біліктіліктің  жемісі. Курстық  жұмысты  орындауға  қатысты   нұсқау, бағыт-бағдарлар  өте  мол  деп  айта  алмаймыз, алайда  оның  кейбіреулеріне  сәл  кейінірек  тоқталамыз.Ал  әзірше  назар  аударатын  келесі  бір  мәселелер  бар, ол  сапа  менеджмент  жүйесі. Демек  сапа  менеджмент  жүйесі  бойынша  да  курстық  жұмысты  орындауға  қатысты  нұсқаулар  аз  емес. Енді  осы  нұсқаулардың  негізгі-негізгілеріне  тоқтала  кеткенді  дұрыс  деп  таптық.,

                - Курстық  жоба  жеке  бір  пәндер  бойынша  орындалатын  кешенді  өзіндік  жұмыс  және  ол  жобаның  мазмұнында  ғылыми  ізденістің  белгілері  болуы  мүмкін.

                - Курстық  жоба белгілі  бір  курстың  қорытынды  кезеңі  болғандықтан  студент  соған  сәйкес  теориялық  курсты    жан-жақты  меңгере  отырып, өзінің  терең  білімін  көрсету  үшін  белгілі  бір  тапсырмаларды  орындай  білуге  міндетті.

                - Курстық  жобалар  студентті  анықтамалық, т.б. әдебиеттерді  пайдалануға  үйрете  отырып, оның  өз  бетімен  жұмыс  істеу  дағдысын  дамытуға, сондай-ақ  ғылыми-зерттеу  мәселелерін  дұрыс  шешу  үшін  ізденушілік  жұмыстардың  әдіс-тәсілдерін  меңгеруге  тиіс.

        - Курстық  жұмыстың  тақырыбы  белгілі  бір   пәннің  оқу  жұмысының  тапсырмаларына  сай  бола  келіп  және  ғылыми, мәдени, өнер  салаларына  байланысты  практикалық  мәні  болуы  қажет.

                - Курстық  жұмысты  талдау  барысында  студент  өзінің  өтілген  пәні  бойынша  алған  білімін  көрсете  білуге  тиісті.

                - Курстық  жұмыстың  құрылысында  келесі  бір  үлгілердің  белгілері  болуы  мүмкін, атап  айтқанда  титул  беті, тапсырма, анотация, мазмұны, белгілеулер  мен  қысқартулар, кіріспе, қорытынды, пайдаланылған  әдебиеттер  тізімі, қосымшалар,  курстық  жұмыс  құрылысына  қатысты  кейбір  үлгілер  қосымша  ретінде  беріледі.

                - Курстық  жұмыстың  жетекшісі  болып  кафедраның  профессор, доценттері,  белгіленген  курстан  лекция  оқитын  аға  оқытушылар, ғылыми  қызметкерлер  тағайындалады.

                - Курстық  жұмыстың жетекшісі  өзіне  тән  жаңалығы  бар  тапсырмалар  береді, қажетті, керекті  анықтамалық  әдебиеттер  тізімін, т.б.  материалдардың  тізімін  береді, ұсынады, қажет  кезеңінде  кеңес  беріп  отырады, сонымен  бірге  кафедра  меңгерушісіне  жұмыстардың  орындалу  барысы  жайлы  мәлімет  беріп  отырады.

                - Курстық  жұмыстың  тақырыбы  мен  тапсырмалары  кафедраның  арнайы  журналында  пәні  көрсетіле  отырып  тіркеледі және  бұл  жерде  студенттің  аты-жөні, тобы, курстық  жұмыстың  жетекшісі және  қорғау  мерзімі  көрсетіледі.

                 Қазіргі кезең жас мамандардан жан-жақты біліктілікті, ұйымдастырушылыққа деген бейімділікті, қоғамдық құбылыстарды сараптап талдай білуді, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізе  отырып, алған білімдерін өмірде, тәжірбиеде тиімді қолдана білуді талап  етеді. Тәуелсіз еліміздің әлеуметтік, экономикалық дамуында жалпы білім беру жүйесінде, мамандар дайындауда ЖОО-да білім берудің сапалығының алатын орны жоғар мәнге ие болатындығы белгілі. Бұл мәселеге қазіргі кезде ерекше назар аударудың маңыздылығын еліміздің Президенті мен үкіметіміздің әр кездегі жорамалдары мен нұсқаулары, шешімдерінен өз көрінісін тауып келеді. Еліміздегі оқу орындары жүйесіндегі қайта құрылымдар мен оны қалыптастырудағы ізденістер   де осыған дәлел болады. Келешек жас ұрпақты мемлекетіміздің белсенді де салауатты азаматтары етіп қалыптастыруда ЖОО-да дайындалып  шығатын мамандардың  алған теориялық  тиянақты білімдерін   мен сол алған  білімін қоғамымыздың даму барысында, әсіресе жастарды тәрбиелеп, өмірге баулуда тиімді қолдана білудің маңызы зор екендігі белгілі. Бұл әдістемелік құрал қазақ әдебиеті пәні бойынша курстық жұмыс жазу үшін көмекші құрал ретінде ұсынылып отыр. Сонымен қатар, бұл құралдың мақсаты курстық жұмысқа қажетті материалдардың көлемін анықтай отырып, біріңғай қажетті талаптарды белгілеу болып табылады.

Сапа  менеджмент  жүйесі  бойынша  курстық  жұмысты  орындауға  қойылатын  негізгі  талап - міндеттерді атап  көрсеттік. Сонымен  бірге  курстық  жұмысты  орындауға  қатысты  өзге  де әдістемелік  нұсқаулар  бар, енді  солардың  кейбіреулеріне  тоқталып  өтейік.                       

 

  1. Курстық жұмысты  ұйымдастырудың жалпы ережелері

 

Курстық жұмысты орындау оқу процесінің құрамды бөлшегі болып табылады және студенттердің арнайы пәндерді оқу барысында бақылау жұмысы, рефераттар, сондай-ақ ғылыми жұмыстарды орындау кезіндегі жинаған теориялық білімдері жалпылама көрсетуге мүмкіндік береді.

                Курстық жұмыс студенттердің белгілі бір теориялық курсты оқып үйренуінің қорытынды бөлімі болып есептелінеді  және ол студенттердің осы пәнді оқып үйрену барысындағы алған білімдерін бекітуге, одан әрі тереңдете түсуге өз септігін тигізеді. Сонымен қатар студенттердің алған білімін нақтылай білуге, ғылыми тұрғыдан шешуде өз көмегін тигізеді.

 Курстық жұмысты орындаудың мақсаты әдеби және ғылыми материалдармен жұмыс жасау бейімін арттырып, еңбек жазуда алдына мақсат қоя білуді, берілген пәннің курсы бойынша материалдарды талдау және жүйелей білуді қалыптастыру. Курстық жұмыс студенттердің өз бетімен орындайтын жұмысы болып табылады. Бұл орындалған жұмыста студенттің аталған курс бойынша алған білімі жан-жақты қорытындыланады.

Курстық жұмысты орындау мына төмендегі көрсетілген тапсырмаларды орындауды жүзеге асырады:

- қазақ әдебиетінің тарихы жайында жан-жақты, терең, сапалы да саналы оқып үйрену;

-  қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйі туралы мол мағлұмат білу, үнемі қадағалап оқып отыруды жүзеге асыру;

-   қазақ әдебиеттану ғылымының методологиялық жүйесін жетік меңгере отырып ғылыми әдебиеттерді сараптау, салыстыру, қорыта білу, талдауды меңгеру.

 

Курстық жұмыстың тақырыптары

 

Курстық жұмыстың тақырыптары сол пәннің ғылыми мақсатына сәйкес келуі керек. Кез-келген тақырыпта қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік маңызы мен мәні бар, өзектілігі мен бүгінгі күннің тақырымен үндес келетін, тәрбиелік және тағылымдық орны бар тақырыптар кең түрде қамтылғаны дұрыс.

                Студент-ізденушінің таңдаған тақырыбы қазіргі дәуірмен үндес, сәйкес келгенде ғана ол тақырыптың өзектілігін танытады және орындаушының өз бетінше шығармашылықпен жұмыс істеуі қамтамасыз етеді. Курстық жұмыстың тақырыптары мемлекеттік стандарттар мен сол пән бойынша бағдар беретін типтік бағдарламаларға сәйкестендіріле отырып курс жұмысының жетекшілігімен кафедрада дайындалады. Ол оқыту жоспарына сәйкестендіріледі. Курстық жұмысқа қойылатын басты талаптың біреуі – ол жан-жақты болу керек. Сонда студент жұмыс істеу кезінде өзара байланысты бірнеше тақырыпты қамти алады.

Студент  ізденуші  тақырыпты  таңдағанда  бірнеше  жағдайды  еске  сақтаған  жөн. Егер  әдебиеттің  бір  құбылысы  сізді  бұрыннан  қызықтырып, ой  сезіміңізді  қозғап  жүрсе, ол  тақырыпты  зерттеуге  құлшына  кірісіп, қызық  еңбек  жазып  шығуың  мүмкін. Сондықтан да  курстық  жұмыстың тақырыбын  өздеріңіз  таңдап, қалап  алуға  еріктісіздер. Кейде  тақырып  қызықтырғанымен, қажетті  кітаптар  табылмауы да  мүмкін, бұл  жағдайдың да  есте  болғаны  дұрыс. Жұмыс  жемісті, іс  жедел  болуы  үшін  алдымен  ғылыми  ізденістің  бағытын  бағдарлап  алыңыз.

 

                                               Материалды жинақтау және өңдеу

 

Курстық жұмысқа керекті материалдарды студенттер курстық жұмыстың ғылыми жетекшісі ұсынған тақырыптар мен қажетті әдебиеттер тізімін, дерек көздерін, қажетті баспасөз материалдарын басқа да анықтамалық әдебиеттерді кітапхана қорларынан, архивтерден, т.б. жерлерден іздеп табуға тиісті. Қажетті дерек көздері толық табылған жұмыс қана түпкі мақсатына толық жете алады. Әрбір  курстық  жұмыстың  тақырыбына  байланысты  оқылатын, зерттелетін  негізгі  көркем  шығармалар  мен  әдеби  сынды  еңбектер  қолыңыздағы  кітапшада  көрсетіледі.

                Ал  тақырыпты  терең  зерттеп, жаңа  бір  сырын, тағы  бір  қырын  ашып   көрсету  үшін  қажет  әдебиет  көп-ақ. Оның  бәрін тізе  беру  мүмкін  емес. Таңдап  алған  тақырыпқа  байланысты  көркем  шығармалар  мен  зерттеу  кітаптарды, сын  мақалаларды  студенттің  өзі  іздеп  тауып, тізімін,  бөлімін  жасап  шығуға  міндетті. Ол  тізім  курстық  жұмыстың  соңында  түгел  көрсетіледі. Бұл  істі  орындау  үстінде  студент  кітапханалар  мен кабинеттердің каталогтарын, газет-журнал мақалаларын, анықтамалық көрсеткіштерін  пайдалануды үйренеді. Кітапханашылар, ғылыми  мекемелер,библиограф  ғалымдар шығарған  арнаулы  библиографиялық  көрсеткіштерді де  пайдаланудың  жәрдемі  зор, болатыны  ақиқат  жайт

 

Материалды  зерттеу, жүйелеу

 

                Жиналған  көркем  шығармалар  мен  әдеби –сын  еңбектерді  қадағалап  оқи  бастағанда-ақ таңдап  алған  тақырыпты  ашуға  қажет  материал  іріктеле  басталады: көркем  шығармалардан   үзінділер  көшіріліп, әдеби-сын  еңбектерге  конспект  жасалады. Және  бір есте  болатын  жайт: жиналған  кітаптарды  оқығанда  түскен  ойларды  қолма-қол  жазып  алып  отырған  жөн, кейін  курстық  жұмысты  жазу  үстінде  олардың  көпшілігін тиімді  пайдалануға абзал  болады.. Белгілі  жайт: конспектіге  оқып  отырған  еңбектің негізгі  пікірлері  студенттің  өз  сөзімен  тұжырымды  түрде  жазылып шығады, ал  өте  қажет  болар  деген  өзекті  ойлар, дәйектемелер  сөзбе-сөз  көшіріледі. Цитата  ретінде  алынған  бұл  үзінділердің  қай  кітап, журнал, газеттен  алынғаны, басылған  жері, жылы, айы, күні, беті, көрсетілуге  тиіс. Сонда ғана  жұмыстын  ғылыми  мәні арта  түседі.

 

                               Жоспар  жасау

                 

                Жиналған  материалды  мұқият  зерттегеннен  кейін  курстық  жұмыстың  бағыт-бағдары, негізгі  мазмұны  айқындалып  қалады. Енді  студент  алғашқы  жоспарды  қайта  бір  қарап, толықтырып, қажет  болса, жаңадан  жазып  шыққаны  жөн. Курстық  жұмыста  айтылатын  негізгі  мәселелер  жоспар  бойынша  толық  қамтылғаны  жөн, өзекті  ойлар  тармақтала  түссе, нұр  үстіне  нұр және еңбекті  жазу  үстінде  септігі  мол  болмақ. Жоспар  тиянақты  болса, еңбек  өнімді, ой  жүйелі  болуы  сөзсіз және  түпкі  нәтижеде  жұмыс  өз  мақсатына  толық  жете  алады.                                                                 7

                Жоспар  әдетте  ғылыми  жетекшіге  бекітуге  беріледі  және  жетекшінің  келісімін  алғаннан  кейін  ол  жұмысты  жүзеге  асыру  басталады.

                Курстық  жұмысты  жазу

 

                  Курстық жұмысты  жазуға  қойылатын басты  тілек, орындалатын  талап – шығарманың  идеясы  мен  эстетикалық  күшін, мазмұны  мен  сиқырлы  сұлулығын  тұтас  бірлікте, ажырамас  негізде  талдау. Көркем  әдебиетті  эстетикалық  талдаудың  осы  күнге  дейін  жетімсіз  екені  рас. Сондықтан да  жұмыста  эстетикалық талдауға  баса  назар  аударған  жөн.

                  Шығарманың  ішкі  жанрлық  табиғатын, көркемдік  ерекшелігін,  тіл  құнарлығын  терең  талдап, терең  түсінбейінше – оның  эстетикалық  күшін  сезіну  мүмкін  емес. Эстетикалық  әсері – шығарманың  формасы  мен  идеясынан  келіп  туатыны  белгілі.

  Сондықтан да  курстық  жұмыс  жазу  алдында әдебиет                                                                                                                                                                                 

теориясын  еске  түсіріп, әр түрлі әдеби зерттеулерді, сын мақалаларды оқығандұрыс.Егералғантақырыпбіршығарма    туралы   болса  да, еңбек  терең, құнды болу үшін      жазушының бүкіл  шығармашылығын, өмір сүрген кезеңін, әдеби-тарихи жағдайды білу қажет.                                                                                                                                                                                                             

                  Тақырыпқа  байланысты  көрсетілген  зерттеулер, оқулықтар, сын  мақалалар – тек  бағыт  меңзер, ой  қозғар  көмекші  құрал  ретінде  қолданылады. Негізінен  тақырыпты  әр  студент   өз  бетімен  зерттеп,  өзі  байқағанын, өзі  түйген  ойларын  ортаға  салады. Әдетте  көп  жағдайда  курстық  жұмысында  студенттер  төмендегідей  кемшіліктерді  қайталайды. Мысалы, тақырыпқа  тікелей  қатысы  жоқ  ұзақ  - сонар  кіріспе  жазады (тақырып  бір  шығарма  туралы  болса да  сол  жұмыста  автордың  өмірбаяны, күллі  шығармашылығы, тарихи  әдеби  жағдай, жазушылық  қызметі, т.б.  мәселелер  тізбектеледі). Мұндай  жағдайда  тақырып, проблема  терең  ашылмай  қалады да,  курстық жұмыс   үстірт  болып  шығады. Белгілі,  айтылған  жайларды, пікірлерді  құр  қайталайтын, тіпті  баспа  бетінде  жарияланған  еңбектердің  көшірмесін жіберетін  студенттер де  бар. Бұл шын  мәніндегі жауапсыздық  екені  ақиқат  жайт.

                   Тағы  бір  жиі  кездесетін  кемшілік – жұмыстың  логикалық  байланысы, ішкі  жинақылығы, тұтастығы  жеткілікті  бола  бермейді. Дәмсіз, сөлсіз, сөзуарлық  та яғни  шектен тыс кездесіп  жатады. Бұдан

әр нәрсенің басы бір шалынады да, негізгі мақсат ашылмай қалады.  Енді  біршама  жұмыстарда  дәлелділік, ұқыптылық, сауаттылық  жетіспей  жатады. Қалай  болса  солай  ат  үсті  орындау  орын  алады. 

                  Курс  жұмысын  мәнерлі, көрікті  тілмен  жазу – басты  парыз. Көркем  туындыға - өнерге  деген  студенттің  ықыласы  мен  көзқарасы, ыстық  ұнату  сезімі – оқушылық  көңілі,зертеушілік  пиғылы  шиыршық  атып  байқалып  тұруы - келешек  әдебиетшіге  тән  төл  қасиет. Ой  дәлелді, пікір  тұжырымды,  жұмыс  тартымды  болу  үшін  көркем  шығармадан  қажетті  үзінділер  келтіру – жұмысқа  қойылатын  негізгі  шарттың  бірі.

                 Аз да  болса  студенттің  өз  ойы, өзіндік  қалам  тартысы, төл  пікірі  айырықша  бағаланбақ.

                 Студентің мақсаты - тақырыпты мазмұндап, еліктеу емес, не болмаса  шығарманың  сюжетін  нәрсіз тілмен  қайтадан  әңгімелеп беру де емес - көркем талдау, зерттеуге ұмтылу.

                 Курс  жұмыстарының  тақырыптары  әдеби  мәні  зор,  көркем  шығарманың  ішкі  ерекшеліктерін  қамтитын, келешек  филолог әдебиетші  ауадай  қажет  проблемаларға  арналған  болуы  қажет. Сондықтан да  асығыс, ат  үсті, қалай  болса да  солай  жазу – рухани  асыл  байлығымызды  қор  етіп, қымбат  уақытты  зая  кетірумен  бірдей болып  саналады.   Белгілі  мөлшерде  ізденіп,  жан-жақты  талаптану, көптеген  теориялық    және  әдеби-сын  зертеулерді  оқу, еңбектену   студент ізденуі  үшін аса  қажет.

                 Курс  жұмысы  мақсатының  маңыздылығы   әдебиеттің  күллі  сыр-сипаты, бағыт-бағдарына  игі  әсерін  тигізеді. Әдетте  түр  мен  мазмұн, идея  мен  форма  ажырамас  тұтастықты, бөлінбес, бөлшектенбес  бірлікте  талданады. Шығарманың  формасы  мен  мазмұны   әлеуметтік  идеяны  қаншалықты  толық, әсерлі  жеткізуге  қызмет  етіп  тұр – міне басты  мәселе  осында. Бұдан  көркем  шығарманы  түр  мен  мазмұнының  бірлігі  тұрғысынан  талдау  қажеттігі  туралы  қорытынды  шығады.

                 Әрбір  курстық  жұмыстың  композициясы –  кіріспесі, жеке  тараулары, қорытындысы, ойлар  мен  толғамдары  өз ара  логикалық  тұрғыда  тығыз  байланысты  болып, тақырыпты  жан-жақты  ашуға, ал  жұмыстың  өзін  қызыға  құныға  оқуға  қызмет  етуі  шарт. Зерттеу де  де ән,музыка сияқты өзінің қайырмасы,сымбаты,сезімі өрнегі  болады.Курс жұмысыңда шебер орындаушының аузынан шыққан әуездей    сүйкімді, сырлы, жүрек  тербетерлік  әсем  туынды  болуға  тиісті.

                Жұмыстың  тақырыбына  орай  белгілі  мөлшерде (қажеттілік айқын  болса) жазушының  басқа да  шығармаларын, әдеби-тарихи  жағдайды, т.б. мәселелерді  сөз  етуге  болады. Бірақ мазмұндау, тізім  жасау, жалпылама  сөз  ретінде  емес, жоғарыдағыдай  мақсатқа  сай  қажетті  шолу  жасалады.

        Курс  жұмысы күндізгі жене сырттай  оқитын  студенттердің өз бетімен орындайтын  көлемді  еңбегі, әдебиет  туралы  тырнақ  алды  жазба  пікірлері, бұған   дейінгі   курстарда   алған   білімнің айқын  көрінісі  болып  саналады.

       Ізденіп  жазылған  курс  жұмысының  келешек  мамандық  игерудегі  пайдасы  зор. Іздену, жазу  үстінде  көркем                                                                                                       туындының  ішкі  сырына, жанрлық  ерекшелігіне  үңілесіз, оның  қоғамдық  әлеуметтік  және эстетикалық  мән-мағынасын  тереңірек  түсіне  бастаймыз. Көркем  шығарманы  талдауға  машықтанып, қызықты  әдеби  процестермен  қоян-қолтық  араласасыз. Біліміңізді  ұштап, көптеген  жаңа, әрі  күрделі, қызықты  жәйттерге  шалқарында  сапар  шегесіз. Өзіңіздің жоғарыда  айтылған мақсат-міндеттерді жүзеге  асырған ізденушіге  оқу жоспарына  сай берілген  тақырыптарды және  қажетті деген  әдебиеттер тізімін  бере  кетуді де  дұрыс  деп  таптық. Сондықтанда қосымшалар берілді күшіңізді, мүмкіншілігіңізді  байқайсыз.  Еңбек  сүйгіштігіңізді, әдеби  қабілетіңізді  сын  сарабына  саласыз.  Осының  барлығының  әрі  практикалық, әрі  теориялық  маңызы  ерекше.

         Келешек  әдебиет  маманы  туған  әдебиеттің  сыр-сипатын, жетістік-кемшілігін  саналы  түрде,  кең  ауқымда  түсінгені  абзал.  Алдымыздағы  роман  мен  повесть. дастан  мен  драма, өлең  мен  новелланың  сезім  ұштар, көңіл  қозғар  күшін  жүрекпен  сезініп  сырын  аша  отырып, кемшіліктеріне  сын  көзбен  қарамаса, шын  мәніндегі  білімдар  әдебиетші  болу  қиын. Сол  сияқты монографиялық, оқулық, мақалаларды  да  сын  көзбен  қарап, ой  елегінен  өткізген  жөн.  Сіздің  сыныңыз  сабырлы  дәлелді  болуы  қажет.  Зерттеу  еңбектерде  айтылған  ой-пікірлердің  жетегінде  кете  бермей, қажетті  жерінде  өзіндік  пікір, өзіндік  талғам  танытып  отыру  да  жұмыстың  сапалы  орындалғанының, студент  білімінің, ізденісінің  жоғарылағанының  белгісі  болмақ.                                  

               

  2. Курстық жұмыстың құрылымы

 

Курстық жұмыс мына төмендегі көрсетілген құрылымдық элементтерден құралады:

-          титульдық бет;

-          тапсырма (негізгі керекті материадар);

-          аннотация;

-          мазмұны;

-          кіріспе;

-          негізгі бөлім;

-          курстық жұмыстың мазмұны;

-          қорытынды;

-          қолданылған әдебиеттер тізімі;

-          қосымша материалдар (кестелер, суреттер, сызбалар, т.б. қажет болған жағдайда ғана).

Курстық жұмыстың өзіндік ерекшелігіне байланысты оның құрамындағы бөлімдер  - титульдық бет, тапсырма, мазмұны, негізгі бөлімнен басқа бөлімдер өзгеруі мүмкін, оларға түрлі қосымша элементтер қосылады. Ол алынған тақырыптың ерекшелігіне және оған қойылатын талаптарға байланысты.

 

Титулдық бет

Титулдық бет жазылатын қағаздың форматы А 4 үлгісінде болу керек. Титулдық беттің талапқа сай толтырылу үлгісі әдістемелік нұсқаудың соңында «Қосымша А.» түрінде берілген. Сол үлгіні басшылыққа алу керек.

               

                                                                               Тапсырма

                Студенттерге курстық жұмысқа тапсырма беру оқу жоспарына сәйкес сол өтіп жатқан семестрдің алғашқы аптасында беріледі. Одан әрі кешіктірілмеуі керек. Кафедраның тапсырмасында курстық жұмысты орындауға қойылатын негізгі талаптар анық көрсетіледі. Олар мына төмендегілер: курстық тапсырма қай пән бойынша беріледі, студенттің аты-жөні, тобы,  курстық жұмыстың тақырыбы, жұмыс істеу кезеңдері және оның орындалу уақыты көрсетіледі. Сонымен қатар бұл тапсырмада жұмыстың берілген мезгілі, қорғау кезеңі, жұмыс жетекшісінің аты-жөні, қызметі, ғылыми дәрежесі де көрсетіледі. Тапсырма берген жетекші мен орындауға қабылдап алған студенттің қолы қойылады.

                Берілген әрбір тапсырма ғылымиәрі әдістемелік жғынан жан-жақты, терең ойластырылған  болуы тиіс. Ең бастысы ол студенттің дайындық, білім дәрежесіне және курстық жұмысты орындауға кететін уақытқа да сай болу кажет. Тапсырманың да талапқа сай толтырылу үлгісі әдістемелік нұсқаудың соңында «Қосымша Б.» түрінде берілген. Сол үлгіні басшылыққа алу керек.

                                                                             

Аннотация

Аннотацияда орындалған курстық жұмыс туралы негізгі және қысқаша мәліметтер беріледі. Сонымен қатар аннотацияда курстық жұмыстың көлемі туралы, қосымша дерек, таблицалар (қажет жағдайда) орындаушы  жөнінде мәліметтер беріледі.  Аннотацияның да талапқа сай толтырылу үлгісі әдістемелік нұсқаудың соңында «Қосымша В.» түрінде берілген.

 

                                                                              Мазмұны

Курстық жұмыстың мазмұнында сол жұмысқа кіретін кіріспе, бөлімдердің, қорытындылардың атаулары, олардың реттік сандары, беттері толық әрі нақты көрсетіледі. Қажет болған жағдайда пайдаланатын сурет, сызбалар болса олардың да бет саны көрсетіліп, енгізіледі. «Мазмұны» деген сөз парақтың ортасына бірінші әрпі үлкен әріппен ал қалған әріптері жай әріппен жазылады.

 

Кіріспе

Курстық жұмыстың кіріспе бөлімінде зерттеу обьектісіне айналып отырған тақырыптың маңыздылығы мен өзектілігі, мақсаты мен міндеті, практикалық мәні, бүгінгі күнмен байланысы терең қамтылып айтылуға тиісті. Бір сөзбен айтқанда жұмысты орындауға қандай мақсат, талап қойылып отырғанының бәрі осы кіріспеде қысқа да нұсқа көрсетілуге тиісті.Кіріспе бөлім жаңа беттен бастап жазылады.

 

                                                                               Негізгі бөлім

                Негізгі бөлімде курстық жұмыс орындалып отырған пәннің негізгі принциптік басты-басты мәселелерін қамтуға тиісті. Сонда ғана берілген жұмыстың мазмұны жан-жақты әрі терең ашылады. Өзінің негізгі алған бағытына, мамандығына сәйкес жазылған жұмыс түрлі сипатқа ене алады. Негізгі бөлімнің қамтитын мәселелерінің барлығы бір-бірімен логикалық тығыз байланыста және бір-бірін толықтырып отыруға тиісті.

                Студент негізгі бөлімде тақырыптың мазмұнын ашатын теориялық және практикалық мәселелердің барлығын толық қамти отырып жұмысты орындауға міндетті. Осындай маңызды, өзекті жайттардың бәрі қамтылғанда ғана орындалатын курстық жұмыстың негізгі мазмұны толық әрі терең ашылады.

                                                              

Қорытынды

Курстық жұмыстың қорытынды бөлімінде негізінен алғанда жұмысты орындаушы студенттің жұмыс барысында айтылған, түйінделген, жинақталған ойларының барлық түйіні берілуге тиісті. Автор өзінің көзқарасын, бағыт-бағдар беруші ой пікірлерін осы қорытынды бөлімде түгел жеткізуге тиісті.

                                              

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

Курстық жұмысты орындау барысында қолданылған әдебиеттердің тізімі толық беріледі. Оларды жазған кезде қолданылған ретіне қарай немесе альфавит бойынша тізім құрады. Тізімде әрбір пайдаланылған материалдың қысқаша библиографиялық суреттелуі жүзеге асады. Ол ГОСТ 7.1 талабына сәйкес келуге тиісті.

 

3. Курстық жұмысты безендіру

 

Курстық жұмыстың А 4 парақтарының тек бір бетіне жазылады.Оған қойылатын талап ГОСТ 2.301-де көрсетілген.Қазіргі заман талабына ЭВМ машиналарын пайдалануға байланысты талаптар да жаңадан дйындалып келеді. Атап айтқанда қолданылатын шрифт – Times New Roman, кәдімгі кегль 14-пен, ал қатар аралық интервалы бірлікте болуға тиісті.

Әрбір беттің торт жағынан да орын қалып, яғни сол жағынан - 30 мм, оң жағынан – 10 мм, жоғары және төменгі жағы – 20 мм тең болу керек. Осы көрсетілген талаптарман орындалған жұмыстың жалпы көлемі шамамен алғанда 25-35 парақтың көлемінде болуға тиісті.

Орындалатын жұмыс мейілінше сауатты, таза, түзетулерсіз, қосымша өшіріп, бояп, т.б. қосымша шаралармен орындалмау керек.

 

Титулдық бет.

 

Курстық жұмыстағы титулдық беттің талапқа сай толтырылу үлгісі әдістемелік нұсқаудың соңында «Қосымша А.» түрінде берілген.

 

Тапсырма

 

Курстық жұмыстағы тапсырманың талапқа сай толтырылу үлгісі әдістемелік нұсқаудың соңында «Қосымша Б» түрінде берілген.

 

Аннотация

 

Курстық жұмыстағы аннотацияның талапқа сай толтырылу үлгісі әдістемелік нұсқаудың соңында «Қосымша В.» түрінде берілген

 

                                                               Мазмұны

 

Курстық жұмысты жазған кезде «Мазмұны» деген сөзді тақырып ретінде қалыңдатылған немесе жартылай қалыңдатылған шрифтпен ортаға, бірінші қатарға жазба әріптермен нүктесіз жазады.

Мазмұнын жазған кезде бөлімдердің атауы мен қатар саы қойылады. Барлық  курстық жұмыстың ішіне кіретін бөлімдер қатар санымен яғни араб цифрымен нөмірленеді, олар нүктесіз және абзацтық шегінумен жазылады.

                Курстық жұмысты орындау кезінде жұмыс көлемі бірнеше тарауға және сол тараулардың өзі іштей бірнеше тарауша, бөлімшелерге бөлінуі мүмкін. Сол себепті осы тарау немесе тараушалардың барлығыда жаңа абзацтық шегінумен бас әріппен жазылады, олардың соңына нүкте қойылмайды. Сонымен қатар осындай бөлімдер мен бөлімшелердің атауын жартылай қалыңдатылған шрифтпен жазуға да болады.

                Курстық жұмысты орындау барысында әр бетте орынды-орынсыз бос орындар қалдырылмауға тиісті.

                «Мазмұны» деген сөз парақтың ортасына, текске симметриялы түрде, жазба әріптермен атау ретінде жазылады. Мазмұны деген сөзді де жартылай қалыңдатылған шрифт үлгісімен жазуға болады. Мазмұнға кіретін атаулар қатарлық әріптермен және бас әріптермен жазылып отырады.

Мысалы:

                                                              


Мазмұны

 

      Кіріспе......................................................................................................3

1. Ғабит Мүсірепов және қазақ прозасының даму ерекшеліктері.....5

1.2.Жазушының алғашқы кезде жазған әңгімелері.............................6

1.3. Жазушының ана тақырыбына жазған әңгімелері.......................16

2. Жазушының прозалық шығармаларының көркемдік мәні...........17

2.1.Ғ.Мүсіреповтің проза жанрының көркемдік дамуына

қосқан үлесі..................................................................................23

 Қорытынды...........................................................................................26

 Пайдаланылған әдебиеттер.................................................................28

 

Курстық жұмыстағы барлық беттер мен қосымшалардың нөмері өзара жалғасып тұруы қажет. Титулдық бетке нөмір қойылмайды алайда ол беттің нөмірі жалпы есептеуге қосылады. Келесі беттерден бастап нөмір араб цифрімен парақтың ортасына төменгі жағында нүкте қойылмай жазылады.

 Курстық жұмысты жазу барысында безендірілуіне көңіл аударылатын келесі бөлшектері «Кіріспе», «Негізгі бөлім», «Қорытынды» атауларының барлығы да баспа бетінің ортасына жазылып, нүкте қойылмайды. Бұл атаулардың барлығын да жартылай қалыңдатылған немесе қалыңдатылған шрифтпен беруге болады. Ал енді бұл бөлімдерге қойылатын талап, ережелердің барлығы жоғарыда қысқаша болса да айтып түсіндірілді.

Қолданылатын әдебиеттер тізімі

Курстық жұмыстың соңында міндетті түрде сол жұмысты орындау барысында пайдаланылған әдебиеттер тізімі беріледі. Бұл «Пайдаланылған әдбиеттер» тізімі де парақтың ортасына жартылай қалыңдатылған шрифтпен нүкте қоймай жазуымыз керек.

Қолданылған әдебиеттердің тізімі мол болғаны дұрыс, яғни кем дегенде 20 әдебиеттей болғаны дұрыс. Тізімде ол әдебиеттері альфавит бойынша емес, тиісінше қолданылу ретіне қарай түсіріледі. Ол СТ ОҚМУ 4.02-2008 талаптарына сәйкес келуі керек. Пайдаланылған әдебиеттер тізімінде көрсетілген сан алуан кітаптар, дәлірек айқанда оқулықтар, монографиялық еңбектер, әдістемелік нұсқаулар, анытамалық әдебиеттер, тағы басқа да кітаптар туралы мәліметтер мейілінше көп кіргізілуі тиісті.

Қолданылатын әдебиеттер тізімін бергенде ескерілетін мынадай жағдайлар бар, атап айтқанда қолданылған әдебиет авторының фамилиясы, аты-жөні қысқартып беріледі, одан әрі пайдаланылған әдебиеттің толық және дұрыс жазылған нұсқасы, шыққан баспасы, жері, жылы, қанша беттен тұратындығы туралы мәліметтер. Есте болатын жайт барлық деректер, демек автордың аты-жөні, кітап атауы, баспа т.б. дерек көздерінің барлығы атау септігінде жазылуға тиісті. Сонымен қатар   курстық жұмысты орындау барысында баспасөз деректері, яғни күнделікті шығып жататын газет-журнал материалдары пайдаланылған жағдайда алғашқыдағыдай авторы туралы мәлімет, мақала, еңбектің атауы, одан әрі сол газет немесе журналдың аты, нөмірі, шыққан жылы, күні жайындағы мәліметтер ретімен беріледі. Ендігі ретте пайдаланылған әдебиеттер тізімін берудің тәртібі мен үлгісін бере кеткенді дұрыс деп таптық. Мысалы:

 

1.  Абай.  Энциклопедия.  А.,  «Атамұра»,  1995. – 720 б.

2.  Абай.  Шығармаларының  екі  томдық  толық  жинағы. А.,

«Жазушы», 1995. – 336 б.

3.   Әуезов  М.  Жиырма  томдық  шығармалар  жинағы.  А.,

  «Жазушы».  1979. -456 б.    

4.   Әуезов  М.   Шығармаларының  елу  томдық  жинағы.  А.,        «Ғылым».  1997.  472 б.

 5.   Әуезов  М.  Абайды  білмек  парыз  ойлы  жасқа. А., «Санат»,  1997.  -416 б.                       

  6.  Әуезов  М.  Абайтану  дәрістерінің  дерек  көздері.  А.,  «Санат»,  1997,  -448 б.

 7.  Мұхтар  Әуезов  тағлымы.  А.,  «Жазушы», 1987. -432 б.                                

8.  Мұхтар  Әуезов  және  әлем  әдебиеті.  А.,  «Қазақ  университеті»,  1999 . -322 б.

 9.  Мұхтар  мұрасы.  А.,  «Қазақстан», 1997. -352 б.

10.  Бердібай  Р.  Мұхтар  шыңы.  А., «Ғылым», 1997.-208 б.

11.  Сыздықов  К.  Мұхтартанудың  беймәлім  беттері.  А.,  «Қазақстан»,  1997.  -224 б

12.  Қазақ  әдебиетінің  тарихы.  3 том. 6 кітап. А., Қазақ  ССР  Ғылым  Академиясының  баспасы.  1962 – 1967 жылдар.

13.  Қазақ  совет  әдебиеті  тарихының  очеркі.  А.,  Қазақ  ССР  Ғылым  Академиясының  баспасы.  1958 жыл.  -512 б.

14.   Қазақ  әдебиеті.  Энциклопедиялық  анықтамалық.  А.,  «Аруна»,  2005.  -576 б.

15.   Қазақ  совет  әдебиетінің  мәселелері.  А., Ғылым  Академиясының   баспасы.  1960.-224 б.

16.  Әуезов  М.  Әр  жылдар  ойлары.  А.,  Қазақтың   мемлекеттік  көркем  әдебиет  баспасы.  1959.  -556 б.

17.   Қаратаев М.  Нұртазин Т.  Қирабаев С.  Қазақ  совет  әдебиеті.  А.,  «Мектеп»,  1987.  – 296 б.

18. Қазақ  әдебиетінің  тарихы.  Он  томдық. 4–том.ХІХ  ғасырдың  бірінші  жартысы (1800-1850).А., «ҚазАқпарат», 2005. 438 б.

19.   Қазақ  әдебиетінің  тарихы.  Он  томдық.  7-8 – томдар.  Кеңес  дәуірі (1917-1940), (1941-1956).  А.,  «ҚазАқпарат»,  2004.  -462-520 б.б.

20.   Кенжебаев  Б.  ХХ  ғасыр  басындағы  әдебиет.  А.,  «Білім»,  1993. -248 б.

4. Курстық жұмысты қорғау және басқаруды ұйымдастыру

Курстық жұмысқа басшылық жасау.

Курстық жұмысқа басшы бола алады:

- Сол пән бойынша теориялық курс жүргізеті жетекші оқытушы;

- Кафедраның оқытушы-профессорлар құрамы;

- Университеттің ғылыми зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкерлері, алайда олар осы пән бойынша дайындығы мол болуы тиісті;

- Жеткілікті іс-тәжірибесібар аспиранттар мен кафедраның ғылыми қызметкерлері тағайындала алады.

                Курстық жұмысқа жетекшілік жасайтын оқытушы атқаратын іс-шаралар:

- Тапсырманы дұрыс ұйымдастырып, әлденеше кезеңге бөліп береді;

- Курстық жұмысты орындаудың ұйымдастыру жолдарын көрсетіп береді;

- Курстық жұмысты орындау барысында кажет болатын әдебиеттер мен әдістемелік нұсқауларды тиімді пайдалануға нұсқау береді;

-  Курстық жұмысты кафедрада түзілген кестеге сай дер кезінде сапалы үлгіде кеңес беріп отырады;

-  Кафедраға орындалып жатқан жұмыс жайында тиісті мәліметтер беріп отырады.

 

Курстық жұмыс жазуды  ұйымдастыру

- Курстық жұмыс ең алдымен әдістемелік нұсқаулармен қамтамасыз етілуге тиісті;

-  Әр аптада бір немесе екі рет кеңестік сабақтар беріліп отырғаны дұрыс;

- Курстық жұмыстың тақырыбы мен берілген күні арнаулы кафедаралық журналда жазылды. Осы жерде пәннің аты, студенттің фамилиясы, тобы, жетекшінің аты-жөні  және қорғайтын күні жазылады;                                     

-  Қорғауға бір ай қалған кезде кафедера меңгерушісі кафедра  мүшелерінен екі-үш адамнан тұратын комиссия құрамын бекітеді.                   

                    Курстық жұмысты қорғау.

      Қорғау бұл курстық жұмысты орындаудың ерекше формасы. Студент қорғау кезінде барынша көп жұмыс істеп, сол тақырыпты жан-жақты және терең оқып үйренуге мүмкіншілік алады.

      Қорғау көпшіліктің ортасында, жетекшінің  және комиссия мүшелерінің қатысумен жүзеге асады. Барлық курстық жұмысты қорғау міндетті емес, кейбір жағдайда  комиссия мүшелері студентпен әңгіме өткізу  арқылы да курстық жұмысқа баға бере алады.

      Курстық жұмысты қорғау үшін студент 8-10 минут баяндама жасайды және біраз уақыт сұраққа жауап береді. Барлық қорғауға 20 минуттан артық уақыт кетпейді.

      Курстық жұмыс дифференциалдық бағамен бағаланады. Оқыту жүйесінің модульдік – рейтингтік жүйесіне сәйкес және студенттің жұмысты дайындау кезіндегі іс- әрекетіне 60 балға дейін балл беріледі, қорғауға 40 балл беріледі.

      Студент курстық жұмысты қорғап болғаннан кейін хатама (Қосымша Г) толтырылып  студентке сол күні бағасы қойылады. Егер студент белгіленген уақытта курстық жұмысын дайындай алмаса немесе себепсіз қорғай алмаса, онда оның академиялық қарызы бар деп саналады. Барлық курстық жұмыстар қорғалып біткеннен кейін жетекші курстық жұмыстар бойынша жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізеді, жіберілген кемшілік және жеткен жетістіктер жайында қорытынды айтады. Сонымен қатар орындалған курстық жұмыстың қорытындысы кафедра мәжілісінде талқыланады. Орындалған жұмыс кафедраға өткізіледі және бір жыл сақталады.Одан кейін ғана кафедра жетекшісі құрған комиссия мүшелері акті арқылы жою жұмыстарын жүзеге асырады.

                                           


Нұрпейісов Н., Оразалиев С.,  Дуанаева С.

 

Қазақ әдебиетінің тарихы пәнінен курстық жұмысты

жазу, орындау жөніндегі

әдістемелік нұсқау

 

Баспаға ұсынылды______

                                                               Формат қағазы Х  Ү 1/6

                                               Типографияның қағазы. Көлемі____26__б.

                                               Тираж____ дана.  Тапсырыс №____

 

 

© М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, 2009.

 

М.Әуезов  атындағы  Оңтүстік  Қазақстан  мемлекеттік     университетінің баспахана орталығы.

Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5.